Иран ядролық қаруға ұмтылысын тоқтатар емес

187

Тегеран уран қорын қару жасауға жақын деңгейде байытып, оны көбейтуде. Ақпарат Халықаралық атом энергиясы агенттігінің құпия есебінде жарық көрген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Иран ядролық қаруға ұмтылысын тоқтатар емес Фото: Neutrino Science Defense

17 мамырдағы жағдай бойынша, Иранда 60%-ға дейін байытылған 408,6 келі уран бар. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 133,8 келіге артық. Яғни, шамамен 50 пайызға өскен. 60%-дық байыту деңгейі ядролық қаруға қажетті техникалық қадам болып саналады.

Есепте 60%-ға дейін байытылған шамамен 42 келі уранды 90%-ға дейін жеткізу бір ядролық заряд жасауға теориялық тұрғыда жеткілікті екені жазылған.

Қазір Иранда ресми түрде ядролық қару жоқ, бірақ осындай жоғары деңгейде уран байытып жатқан жалғыз мемлекет болып отырғаны күмән тудырады.

Ирандағы барлық деңгейде байытылған уран көлемі 9247,6 келіні құрайды. Дегенмен бұл ел өз ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін алға тартуда.

Алайда МАГАТЭ басшысы Рафаэль Мариано Гросси бұған дейін егер Иран тиісті шешім қабылдайтын болса, қолындағы байытылған уран қоры бірнеше ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті екенін ескерткен.

Жаңа есеп МАГАТЭ тарапынан Тегеран мен Вашингтон арасындағы күрделі келіссөздер жүріп жатқан уақытта жарияланып отыр.

АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иранның ядролық бағдарламасына шектеу қоятын жаңа келісімге қол жеткізуге ұмтылуда, бірақ әзірге тараптар айтарлықтай прогреске жеткен жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу