Иранда әйелдерге мотоцикл жүргізуге ресми түрде рұқсат берілді

358

Ел үкіметі тиісті шешім қабылдады.

Иранда әйелдерге мотоцикл жүргізуге ресми түрде рұқсат берілді Фото: english.elpais.com

Иранда әйелдерге мотоциклді басқару үшін жүргізу куәліктерін алуға рұқсат етілді. Министрлер кабинеті қабылдаған шешім ресми түрде күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Haberler агенттігіне сілтеме жасап.

Ел президентінің бірінші орынбасары Мұхаммад Реза Ариф қол қойған құжатқа сәйкес, Иранда әйелдерге алғаш рет мотоцикл жүргізу куәлігін алу мүмкіндігі беріліп отыр. Енді Иран полициясы осы бағытта практикалық оқыту жүргізіп, емтихан өткізуі тиіс. Жол полициясы оқу мен емтихан тапсыру процесіне бақылау жүргізетін болады.

Осы тұста нұсқаушылар мен емтихан қабылдаушылар негізінен әйелдер болатыны айтылған. Десек те, қажеттілік кезінде және әйел қызметкерлер саны жеткіліксіз болған жағдайда жол полициясының тікелей бақылауымен ер қызметкерлерді тартуға да рұқсат беріледі. Мұндай жағдайларда діни талаптар сақталуы керек.  

Иранда көпке дейін әйелдерге мотоцикл жүргізу куәлігі берілмей келді. Олар мотоцикл сатып алып, оны тіркей алғанымен, аталмыш көлік құралын басқару іс жүзінде заңсыз деп саналды. 2010 жылы жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы заңға мотоцикл жүргізу куәлігі тек ер адамдарға беріледі деген талап енгізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу