Сейсенбі күні Иранның бірнеше қаласында наразылықтар кезінде қаза тапқандарды еске алу шаралары өтті. Аза тұту жиындары халық пен қауіпсіздік күштерінің арасындағы жаңа қақтығыстарға ұласты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Абадан қаласында жиналған жұрт қолдарына гүл шоқтары мен қаза тапқандардың суреттерін ұстап, "Хаменеиға өлім!" және "Шах жасасын!" деген ұрандар айтты. AFP хабарлауынша, әлеуметтік желілерде тараған тағы бір видеода тұрғындардың оқ атылған сәтте жан-жаққа қаша жөнелгені байқалады.
Иран билігі Тегерандағы Имам Хомейни мешітінде наразылық кезінде көз жұмғандарды еске алу үшін ресми рәсім өткізді. Жиында сөз сөйлегендердің арасында вице-президент Мохаммад Реза Ареф пен Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Эсмаил Каани болды.
"Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкестерді қолдағандар сөзсіз қылмыскерлер, олар жазасын міндетті түрде алады", – деді Каани.
2025 жылдың желтоқсанында басталған алғашқы наразылық акциялары экономикалық себептермен байланысты болды. Кейін толқулар саяси сипат алып, бүкіл ел аумағына тарады. Билік наразылық акцияларын күшпен басуға тырысты.