BBC-ге Норвегияда жұмыс істейтін құқық қорғау ұйымы хабарлағандай, биыл Иранда орындалған өлім жазаларының саны алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, олар желтоқсан айының басына дейін кемінде 1500 адамның өлім жазасына кесілгенін анықтаған. Осы мерзімнен кейін тағы да көптеген өлім жазасы жүзеге асырылған болуы мүмкін.
Былтыр Iran Human Rights ұйымы 975 өлім жазасын тіркеген. Алайда нақты саны белгісіз, себебі Иран билігі мұндай статистиканы ресми түрде жарияламайды.
Құқық қорғаушылардың талдауы өлім жазалары санының айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұл қорытынды басқа құқық қорғау ұйымдарының деректерімен де сәйкес келеді.
Иран үкіметі бұған дейін өлім жазасын қолдану тәжірибесін қорғап, оның тек "аса ауыр қылмыстар" үшін ғана қолданылатынын атап өткен.
IHR деректеріне сәйкес, өлім жазаларының саны 2022 жылдан бастап күрт өсе бастаған. Дәл сол жылы елде әйелдерге жасалатын қысымға қарсы жаппай наразылықтар болған.
2022 жылы 520 адам, ал келесі жылы 832 адам өлім жазасына кесілген.
Иранда саяси маңызы бар қылмыстар – тыңшылық немесе наразылық акцияларына қатысу сияқты істер бойынша да өлім жазасына кесу жағдайлары болған. Алайда өлім жазаларының 99 пайызы адам өлтіру немесе есірткіге байланысты баптар бойынша шығарылады және бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалып отыр.
Ирандық саяси белсенділердің айтуынша, биліктегі режим өз тұрақтылығына қауіп төнді деп сезінген кезеңдерде өлім жазаларының саны арта түседі.