Mehr News агенттігінің мәліметінше, алғашқы жер асты дүмпуі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:13-те Кузаран ауданында тіркелген.
Оның магнитудасы – 5,2, ал ошағы 8 шақырым тереңдікте орналасқан. Арада бес минут өткенде дәл осы өңірде магнитудасы 5,7 болатын екінші жер сілкінісі болды. Оның ошағы 13 шақырым тереңдікте жатқан.
Иранның Дағдарыс жағдайларын басқару ұйымы үш адамның түрлі жарақат алғанын мәлімдеді. Оқиға орнына құтқарушылар, жедел әрекет ету қызметтері мен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, су, газ және электрмен жабдықтау жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Керманшах провинциясының губернаторы адам шығыны тіркелмегенін айтты.
Оның сөзінше, зақым негізінен ескі, бос тұрған ғимараттардың қирауымен және жекелеген нысандардың бүлінуімен шектелген. Осыған байланысты өңірде төтенше жағдай режимі енгізілмеген. Кейін Иранның Жолдар, тұрғын үй құрылысы және қала құрылысы зерттеу орталығы жүргізілген талдау нәтижесінде екі жер сілкінісінің де табиғи сипатта болғанын растады.
Ведомство жер асты дүмпулері қандай да бір жарылыстардың салдары болуы мүмкін деген болжамдардың расталмағанын мәлімдеді.