Иран билігі хиджаб кимейтін әйелдерді емдейтін арнайы орталықтар ашпақ

280

Иранда қоғамдық орындарда хиджаб киюден бас тартқан әйелдерді "ғылыми әрі психологиялық емдеуге" арналған арнайы клиникаларға жіберу ұсынылып отыр.

Иран билігі хиджаб кимейтін әйелдерді емдейтін арнайы орталықтар ашпақ Фото: news.ru

Бұл бастама құқық қорғаушылар мен белсенділердің қатаң сынына ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Мұндай клиника ашу туралы бастаманы Тегерандағы әйелдер және отбасы істері департаментінің басшысы Мехри Талеби Дарестани көтерді. Ол бұл мекемелер хиджаб киюден бас тартқан әйелдерге "психологиялық қолдау мен ғылыми әдістемелер арқылы емдеу" ұсынатынын мәлімдеді.

Ирандық әйелдердің көпшілігі мен құқық қорғау ұйымдары бұл шешімге наразылықтарын білдірді. Ұлыбританиядан келген журналист Сима Сабет бұл бастаманы "ұят әрі қорқынышты" деп атап, мұндай клиникалардың билікке қарсы шыққан әйелдерді оқшаулауға бағытталғанын айтты.

Құқық қорғаушы Хоссейн Раиси бұл идеяның ислам нормаларына қайшы екенін және Иран заңдарын бұзатынын жеткізді.

Клиника ашу туралы шешім Тегерандағы студент қыздың хиджабқа қарсы наразылық акциясынан кейін қабылданған. Ол қала ішінде киімін шешіп, қоғамдық орындарды аралаған. Осы әрекеті үшін бойжеткен қамауға алынып, кейін психиатриялық ауруханаға жатқызылды.

Иранда хиджаб кию мәселесіне қатысты бақылау күшейіп, дресс-кодты бұзғаны үшін қамауға алу жағдайлары жиілеп келеді. Бұл жағдай елдегі құқық қорғау саласындағы проблемаларды тағы да алдыңғы қатарға шығарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу