Иранда өткен 14-ші халықаралық спорттық фильмдер фестивалінде "Екінші пландағы үздік ер адам рөлі" жүлдесін Ерік Жолжақсынов алса, "Үздік режиссер" номинациясында Ернар Нұрғалиев жеңімпаз деп танылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған халықаралық спорттық фильмдер фестивалінде "Алға" фильмі екі бірдей жүлде алды.
"Алға" – әкелерінің қазасынан соң қылмысқа бет бұрған ағайындылар жайлы фильм. Алайда олардың ауылына талантты жастарды іріктеу үшін жеңіл атлетикадан жаттықтырушы келіп, өмірлеріне өзгеріс әкеледі. Ағайындылардың бірі марафондық жүгіруден әлем чемпионымен бәсекеге түседі.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілді. Фильмнің продюсері – Максим Акбаров, режиссері – Ернар Нұрғалиев.