АҚШ мұнай және мұнай өнімдерінің экспорты бойынша Сауд Арабиясы мен Ресейді басып озды. Осылайша рейтингте бірінші орынға шықты. Бұл туралы Reuters агенттігінің Vortexa сервисінің деректеріне сүйене отырып жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамыр айында АҚШ экспорты тәулігіне шамамен 10,5 млн баррельге жеткен. Ресейде бұл көрсеткіш 7 млн баррельге жуықтаса, Сауд Арабиясы 5,9 млн баррель мұнай экспорттаған. Осылайша Вашингтон үшінші ай қатарынан бірінші орынды бермей келеді. 2025 жылы Сауд Арабиясы тәулігіне – 8,1 млн баррель, АҚШ – 6,6 млн баррель, ал Ресей 5,8 млн баррель экспорттаған.
Экспорттың күрт өсуіне екі негізгі фактор әсер еткен. Біріншісі – АҚШ пен Иран арасындағы соғыс. Таяу Шығыстағы қақтығыс Ормуз бұғазы арқылы тасымалды тоқтатып, Сауд Арабиясының мұнай жеткізіліміне кедергі келтірді. Екінші себеп – Ресейдің мұнай экспорты Батыс санкцияларының қысымымен азайып жатыр.
Америка ондаған жыл бойы Таяу Шығыс мұнайына тәуелді болатын әрі 1973 жылғы мұнай эмбаргосынан айтарлықтай зардап шекті. Бірақ бұл жағдай 2010 жылдан кейін тақтатас кен орындарында мұнай өндіру көлемі күрт артқаннан кейін өзгерді. 2015 жылы Вашингтон мұнай экспорттауға қойылған 40 жылдық тыйымды алып тастады.
Reuters агенттігінің жазуынша, Азия елдері америкалық мұнайды жиі таңдай бастаған. Өткен айда АҚШ экспортының 46 пайызға жуығы Азия нарығына жөнелтілді. Бір жыл бұрын тиісті көрсеткіш 37 пайыз болған.