"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында салынып жатқан туннелінің құрылысы бір жылдан бері тоқтап тұр. Ирандық мердігер мекеме жұмысты орта жолда тастап кеткен. Себебі, компания қаржылық дағдарысқа ұшырапты, деп хабарлайды 24.kz.
Облыс аумағындағы Шақпақ асуында әсіресе қысты күндері көліктерді қар басып, қозғалыс тежеледі. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы - тауды жарып, жер асты өткелін салу.
Жерасты жолының жалпы ұзындығы бір шақырымдай. Оның құрылысына ел қазынасынан 15,7 миллиард теңге бөлінген. Ирандық мердігер мекеме тауды үңгіп-қазу жұмыстарын 2014 жылы бастаған. Оған қоса Түлкібас ауданы мен Жамбыл облысының шекарасы таулы өңір болғандықтан бұл аралыққа бетон емес асфалт төсеу жоспарланған. Бұл әдіс құрылыстың жеңіл әрі тез уақытта аяқталуына мүмкіндік береді. Соған қарамастан, шетелдік компания туннель құрылысының бар-жоғы 50-60 пайызын ғана бітірген.
Жерасты жолынан бөлек облыстан өтетін күре жолдың өзі әлі қабылданбаған. Тіпті кейбір жерлерінде көліктер ескі жолмен айналып жүріп жатыр. Бір ғана мысал көктемде көпірдің ернеуін су шайған Темірландағы айналма жол әлі ашылмаған.
Халықаралық дәліздің 420 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтеді. Қазір арнайы тағайындалған инженерлер жол құрылысы мен сапасын күнделікті бақылап отыр. Күре жолдың жарылған не кемшін тұстарын мердігер мекеме өзі қалпына келтіреді. Сонымен бірге, жолды пайдалануға бергеннен кейін екі жылдық кепілдемесі тағы бар.
Ал Түлкібастағы құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған туннельге қайта байқау жарияланған. Мұнымен қоса аудан орталығындағы айналма жол мен Арыс және Құлан өзенінің үстіндегі көпір де күрделі жөндеуден өтпек. Оған республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге бөлініпті. Жауаптылар, жыл соңына дейін күре жол, ал келесі жылы туннель ел игілігіне беріледі деп сендірді.