БҰҰ-ның Иранға қарсы санкциялары араға 10 жыл салып қайта күшіне енді. Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінде Ресей мен Қытайдың санкцияларды алты айға кейінге қалдыру туралы ұсынысы қолдау таппады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иран 2015 жылғы ядролық бағдарлама бойынша келісімді бұзды деп есептеп отыр. Осылайша бұл ұйым санкцияларды қайтару туралы шешім қабылдады. Енді Тегеран ядролық бағдарламасын шектеуі тиіс. Тиісті тыйым ресми түрде күшіне енді.
Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Иранға қарсы санкцияларды алты айға кейінге қалдыру туралы қарар қаралды. Бұл Ресей мен Қытайдың бастамасы еді. Кеңеске мүше барлығы 15 мүше елдің төртеуі ғана, яғни, Ресей, Қытай, Пәкістан және Алжир ұсынысты қолдады. Тағы 9 ел қарсы дауыс берді, ал 2 ел қалыс қалды. Дауыс беруден кейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи санкциялардың заңдық тұрғыдан негізсіз екенін айтты.
"АҚШ дипломатияны сатып кетті, ал Германия, Франция, Ұлыбритания оған нүкте қойды. Олар шындықты елемей, жалған айыптаулар таратты. Иранның бейбіт бағдарламасын бұрмалады", – деді Аракчи.
Reuters-тың жазуынша, санкциялар бойынша Иранға қару-жарақ жеткізуге, уран байыту мен қайта өңдеуге қатысты кез келген қызметке тыйым салынып отыр. Сонымен қатар ондаған ирандық шенеунік шетелге шыға алмайды, елдің кейбір жеке және заңды тұлғаларының активтері бұғатталады.