Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху CBS News телеарнасына берген сұхбатында Иранмен қақтығыс әлі аяқталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.
"Меніңше, айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік, алайда қақтығыс әлі аяқталған жоқ. Өйткені Иран аумағында ядролық материалдар, соның ішінде сыртқа шығарылуы тиіс байытылған уран бар. Бұдан басқа демонтаждалуы қажет уран байыту нысандары да сақталып отыр", – деді Нетаньяху.
Оның сөзінше, Иранды қолдайтын күштер әлі бар. Израиль тарапы олардың қатарына өзге де ұйымдардан бөлек, Ливанның оңтүстігінде израильдік әскермен қақтығысты жалғастырып жатқан "Хезболла" қозғалысын жатқызады. Нетаньяхудың айтуынша, ирандықтар баллистикалық зымырандарды әлі де өндіргісі келеді.
"Қазір біз мұның көп бөлігін әлсіреттік. Алайда қауіп бар, сондықтан алда жұмыс көп", – деп атап өтті Израиль премьер-министрі.