Ираннан Еуропалық одаққа мүше 28 елге жеткізілетін мұнай көлемі 2017 жылдың 4 айында 9 млн 316 мың тоннаны құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 есеге артып отыр. Бұл жайлы Еуропалық комиссияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
2016 жылдың қаңтар айынан сәуір айына дейінгі аралықта Еуропаға экспортталатын Иран мұнайының жалпы көлемі 1,378 млн тоннаны құраған. Иран қара алтынын ең көп сатып алушы Италия болып шықты. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында Ираннан Италияға экспортталған мұнайдың жалпы көлемі 2,871 млн тоннаны құрады. Осылайша, Италия ЕО-қа мүше елдерге жеткізілетін мұнайдың жалпы көлемінің 30 пайызын импорттады.
Бұдан өзге, Түркияға жеткізілетін Иран мұнайының биылғы жылдың сәуір айындағы көрсеткіші былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, үш есеге артып, 1,209 млн тоннаға дейін жетті (тәулігіне 298,399 мың баррель). 2011 жылы Иранға қарсы санкция жарияланғаннан кейін Иран мұнайының экспорты айтарлықтай қысқарған болатын. Алайда, 2016 жылдың басында Иранға қарсы санкция алынған сәттен бастап, елдегі мұнай өндіру белсенді ұлғайып келеді. Соңғы жарты жылда Иран мұнайының экспортталу көрсеткіші айтарлықтай өскендігі байқалады.