Каспий теңізінің қазақстандық жағалауына Иранның Әскери-теңіз күштерінің кемелер тобы тоқтады, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Екі жақты әскери ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ақтауға құрамында "Джушан" және "Сепар" ракеталы катерлері бар Иранның Әскери-теңіз күштерінің әскери кемелер отряды келді. Сапардың жалпы қашықтығы шамамен 450 теңіз милі болды.
"Теңіз хаттамасына сәйкес ҚР ӘК ӘТК кемелері мен Иран Ислам Республикасының ӘТК әскери кемелері арасында сапар алмасу, сондай-ақ кеме экипаждарының бірлескен экскурсиясы қарастырылған. Сапар бағдарламасы барысында спорт түрлерінен жарыс болады және ИИР-дың ӘТК кемелер экипажы Ақтау қаласының көрікті жерлерін аралайды", – делінген хабарламада.
Еске салар болсақ, 2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының құрамында "Сарыарқа" және "Орал" ракеталы-артиллериялық кемелері бар Әскери-теңіз күштерінің кемелер тобы Иран Ислам Республикасының Бендер-Энзели портына барған болатын.