Ирандағы жарылыстың дыбысы 26 шақырым жердегі аралға естілген

215

Иранның ең ірі порты – Бандар-Аббаста алапат жарылыс болып, 8 адам қаза тапты. 

Ирандағы жарылыстың дыбысы 26 шақырым жердегі аралға естілген Фото: tgrthaber.com

Жараланғандар саны 750-ге жетіп отыр. Болжамдарға қарағанда, трагедияға ракета отынын жасауға пайдаланылатын химиялық материалдардың өртенуі себеп болса керек.

Порттың Шахид-Раджаи бөлігін тас-талқан еткен жарылыс Оманда АҚШ пен Иран ядролық келіссөздердің үшінші раундын жүргізіп жатқанда болды. Әзірге екі оқиғаның арасында байланыс байқалмайды.

Иранда ешкім бұл жарылыс қандайда бір шабуылдан болды деп болжаған жоқ. Дегенмен, сәрсенбі күнгі келіссөздерді басқарған Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арахчи мәлімдегендей, "елдің қауіпсіздік қызметкерлері бұрынғы диверсия мен қастандық әрекеттерін ескере отырып, жоғары дайындықта жүр".

Иранның дағдарысты басқару ұйымының баспасөз хатшысы Хоссейн Зафари айтқандай, жарылысқа қоймада химиялық материалдардың дұрыс сақталмауы түрткі болуы мүмкін.

Иран үкіметінің өкілі бұл версияны жоққа шығармаса да, оқиғаның нақты себебін анықтау қажеттігін атап өтті.

Соңғы мәліметке қарағанда, Президент Масуд Пезешкиан жарылысты тергеуге бұйрық беріп, аталған портқа ішкі істер министрін аттандырды.

Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, жарылыс бірнеше шақырым радиуста терезелерді сындырып, оның жаңғырығы порттан оңтүстікке қарай 26 шақырым жерде орналасқан Кешм аралына естілген.

2020 жылы Бейрут портында болған алапат жарылыстан кейін Иран неліктен химиялық заттарды порттан көшірмегені белгісіз. Ливандағы жарылыс 200-ден астам адамның өмірін қиып, 6000-нан астамын жаралағаны мәлім.

Хормозган провинциясындағы Шахид-Раджаи порты Иран астанасы Тегераннан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 1050 шақырым жерде, Парсы шығанағының тар сағасында, әлемдік мұнай саудасының 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазында орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу