Алматыда ірі бизнес орталықты тонағандар тұтқындалды. Полицейлер 4 күдіктіні қолға түсірген. Барлығы шығыс өңірдің тумалары. Олар ұрлыққа бармас бұрын, кеңселерге клиент ретінде келіп, іші-сыртын толық зерттеген. Сөйтіп, түнгі уақытта әккі әрекеттерін жүзеге асырған. Қазір олардың 16 рет ұрлық жасағандары анықталды. Ұсталған күдіктілердің барлығы осыған дейін істі болғандар, деп хабарлайды almaty.tv.
"Тінту жүргізу барысында 2 автокөлік, яғни қылмыстық жолмен табылған екі автокөлік пен 45 мың АҚШ доллар ақша тәркіленді. Қазіргі таңда қылмыстық дәйекті заттардың барлығы қылмыстық істің құрамына тіркеліп тергеушілердің жіті назарында. Бұрын-соңды осы қылмыстық топтың адамдары бірнеше рет сотталған. Олар туралы біз біраз ақпарат жинай келе олар бұрын пәтер ұрлығымен айналысқан көрінеді",- деді ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қылмыскерлердің қолды еткен қаржысы 100 миллион теңгеден асып кеткен. Қазір олар уақытша тергеу абақтысына қамалды. Баукеспелердің басқа да сыбайластары болуы мүмкін. Олар 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.