Павлодар облысындағы шаруашылықтардың бірінде жайылып жүрген мал басы азайды. Бұған олардың әлденеден улануы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Железин ауданы Башмачное ауылындағы "Асан" шаруа қожалығының иелігінде ірі қаралардың саны күрт азайды. Шаруашылық өкілдерінің сөзінше, бұған дейін сиырлардан қандай да бір аурудың белгілері байқалмаған. Бірақ осыдан үш күн бұрын жайылымда жүрген жерлерінде 50-ге жуық мал басы арам қатқан.
"Қандай да удың ізі де жоқ. Неге мұндай жағдай орын алғаны белгісіз. Тағы 50- ге жуық сиырдың жағдайы түсініксіз",- дейді олар.
Бүгін аудандық ветеринарлық қызмет басшылығы аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
"Асан" шаруа қожалығында 37 бас ірі қараның өлексесі табылды. Ауданның ветеринарлық қызмет мамандары эпизоотиялық тексеріс жүргізіп, патологиялық материал алып, диагноз қою үшін оны облыстық зертханаға жіберді. Алдын ала болжам бойынша, ірі қаралар уланған. Сондықтан су мен жайылымдағы өсімдіктердің сынамалары да алынды",-деп хабарлады ведомство басшылығы.
Шаруашылықта қалған 120 баста уланудың белгілері жоқ. Десе де, мал дәрігерлері оларды да бақылауға алды.
Сонымен қатар, Павлодар облысы Әлкей Марғұлан ауылы маңында болған өрттің салдарынан жүздеген қой мен ешкі тірідей жанып кетті. Қалған бөлігі шалажансар күйде.
Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Әдебиет Өтеуовтің сөзінше, қатты желдің салдарынан қызыл жалынды бірден ауыздықтауға мүмкіндік болған жоқ.
"13 шілде күні сағат 9.25-те Әлкей Марғұлан ауылына қарасты аумақта құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабар түсті. Өртті сөндіруге жеке құрам мен еріктілерден құралған жасақ атсалысты. 14 шілде сағат таңғы жетіде сөндірілді. Тексеріс барысында "Қуаныш" шаруа қожалығының ұсақ малы өртеніп, тағы бір бөлігін күйік шалғаны анықталды",-дейді ол.
Енді ірі және ұсақ қара малынан айырылған ауылдағы ағайын не істерін білмей дал. Олар сол түлік арқылы күн көріп отырған еді. Жергілікті билік бұл мәселеде әзірше үнсіз қалып отыр.