Ірі кәсіпорындар энергия қуатын тиімді пайдалануға міндеттеледі

1240

Нұр-Сұлтан қаласында II Халықаралық энергия үнемдеу форумы өтті.

Ірі кәсіпорындар энергия қуатын тиімді пайдалануға міндеттеледі

Халықаралық "Энергия үнемдеу" күніне орайластыра өткен жиында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов ел экономикасының дамуына байланысты энергия қорларына деген сұраныс арта түсетінін айтты.

"Әлемде энергия үнемдеу үрдісі қалыптасқан. Қазақстанда энергия ресурстарын тұтынудың басым бөлігі өнеркәсіп саласына тиесілі. Ірі өнеркәсіп орындары барлық электр қуатының 67%-ын тұтынады. Стратегиялық жоспар бойынша, 2025 жылға дейінгі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын кемінде 25%-ға төмендетуге міндеттіміз. Сол себепті өндірістегі барлық кәсіпорындар осы бағытта жұмыс істеуде", – деді Аманияз Ержанов.

"Бұл ретте айта кетерлігі, тәуелсіздік алғаннан бері ЖІӨ энергия сыйымдылығы 56%-ға төмендеді, ал осы кезеңде әлемдік экономиканың энергия сыйымдылығы 26%-ға төмендеген. "II Халықаралық энергия үнемдеу" форумында электр қуатын өндіріс кәсіпорындарына енгізу мәселесі қарастырылуда", - деп сөзін жалғады ИИД вице-министрі.

Вице-министрдің айтуынша, өндіріс кәсіпорындары энергияны тиімді пайдалану бағдарламасына қатысуға міндеттеледі.

"Ең алдымен осындай талап ірі өндіріс кәсіпорындарына қойылады. Өндіріс кәсіпорындары өзінің энергия үнемдеу бағдарламасын әзірлейді. Сол бағдарламасы аясында барлық шығынын белгілейді. Энергияны тиімділігі пайдалану бағдарламасына әр кәсіпорын алғашқы жұмыс күнінен бастап қосылуы тиіс. Дегенмен мұндай шара кәсіпорын үшін де пайдалы. Мысалы, Ақсу ферроқорту зауыты осы бағдарламаға қатысып 300 млн теңгеден астам қаржы үнемдеді. Осы бағдарламаға қосылуға кәсіпорындар өз қаражатын жұмсайды", – деді Аманияз Ержанов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу