Ірі кәсіпорындардың өнімдеріне сұраныс төмендеп кетті

1128

"Ірі кәсіпорындар экономиканы шағын және орта бизнесті қолдау арқылы тұрақтандыра алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ірі кәсіпорындардың өнімдеріне сұраныс төмендеп кетті

Ірі кәсіпорындардың қызметі бақылауға алыну керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында осылай деді. Бұл жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс режимі арқылы қатысты.

"Отандық бизнесті қолдау жайында айтарым: шағын және орта бизнесті қолдау шараларымен қатар ірі кәсіпорындардың қызметі де бақылауға алыну керек. Өйткені олардың өнімдеріне деген сұраныс төмендеп кетті. Қазір осыған байланысты тиісті жұмыстар жүріп жатыр", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ірі кәсіпорындар туралы: "Олар экономиканың ажырамас бөлігі саналады. Сондықтан ірі кәсіпорындар экономиканы шағын және орта бизнесті қолдау арқылы тұрақтандыра алады", – деді.

Мемлекет басшысының айтуынша, егер де жағдай ушықса, бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 

"Келесі маңызды мәселе – қаржы секторының тұрақтылығы. Өйткені қаржы жүйесіндегі проблемалар экономиканың нақты секторы мен азаматтардың жинақ ақшасына кері әсерін тигізуі мүмкін", – дей келе Тоқаев Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға қатысты ұсыныстарды дайындауға тапсырма берді. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу