Ирландияның IDI компаниясы Қарағанды облысы экономикасының өсуіне үлес қоспақшы

866

Ирландияның IDI  компаниясы Қарағанды облысы экономикасының өсуіне үлес қоспақшы

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ирландиялық IDI компаниясының ("Ирландияның халықаралық дамуы") өкілдерімен кездесті. Топ-менеджерлер Қарағандыға іскерлік мақсатта атбасын тіреді. Ирландиялық компания "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағын дамыту және инвесторларды тарту бойынша өз қызметтерін ұсынды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шетелдіктермен бірге "KAZNEX INVEST" Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Алмас Айдаров болды.

"Біздің 25 жылдан астам тәжірибеміз бар. 80 мемлекетте 260 жоба жүзеге асырылды. Осы жобалардың барлығы тікелей шетелдік инвестицияларды тартумен байланыысты", - деді IDI коммерциялық директоры Грег Хоган.

Оның айтуынша, компанияның бастапқы жобасы Бахрейн халықаралық инвестициялық паркі болды. Сонымен қатар, IDI Ирландия экономикасын диверсификациялауға тікелей қатысқан.

""Сарыарқа" АЭА инфрақұрылымы дамыған. Бұл жақсы алаң. Инвесторларды тарту үшін әлемдік тәжірибені де ескеру керек, - деп атап өтті Грег Хоган. – "Сарыарқа" АЭА дамытуға болатын әлеуетке ие. Біз ұзақ уақытқа ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз".

Ирландиялық компания АЭА дамытудың бес жылдық жоспарын әзірлеуге және енгізуге дайын. Бірақ бұл – баға мәселесі. Топ-менеджерлердің айтуынша, қызметтің құны – жылына бір миллион АҚШ долларынан асады.

"Бұл жақсы ұсыныс. Біз тәжірибелеріңіздің бар екенін көріп отырмыз. Қазіргі кезде "Сарыарқа" АЭА дамып келеді, бірақ біз ойлаған қарқынмен емес. Бұл ретте сіздердің мүмкіндіктеріңіз бізге пайда әкелуі мүмкін. Алайда бізге өзіміздің қаржылық мүмкіндіктерімізді бағалау керек", - деді облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Ұсынысты және ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талдау үшін жұмыс тобы құрылады.

IDI компаниясы 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған ұйымның негізі Ирландия экономикалық даму агенттіктерімен қаланып, дамушы нарықтардың өсімін қолдау үшін практикалық ақпарат ұсынады. IDI қызметі Дүниежүзілік банк және Еуропалық одақ секілді көп жақты агенттіктермен қаржыландырылатын жобалар бойынша техникалық қолдау мен консультация беруден басталған болатын. Бүгінде компания білікті халықаралық ресурстыық  базаны кеңінен қолдану мүмкіндігіне ие. Бас кеңсесі Дублинде (Ирландия) орналасқан.

Қарағанды облысындағы "Сарыарқа" АЭА 2011 жылдың қараша айында ҚР Президентінің Жарлығымен құрылды. Оның аумағы - 500 га асады. Қызмет ету мерзімі - 2036 жылдың 1 желтоқсанына дейін. АЭА қызметі аймақ экономикасын арттыруға бағытталған. Жоспарға сәйкес, аумақта 50-ден аса зауыт құрылуы керек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу