Тәуелсіздік монументі Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылында бой көтерген.
Монументтің биіктігі – 16, ұзындығы мен ені – 6,5 метр. Оның мұнарасында қазақ халқының киелі шаңырағы, оның жанында ұшып жүрген құстар бейнеленген.
"Монумент – тарихи-танымдық маңызы зор нысан. Мұнараның биігіне киелі шаңырағымыздың орнатылуының астарында Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деген идея бар. Тәуелсіздігіміз баянды болса, еліміз де еңселі болады", – деді монументтің ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов.
Мұнараның артқы жағында биіктігі – 5, ұзындығы – 7, ені – 1,10 метрлік 3 колоннаға рельефт-мүсіндер орнатылған. Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ант беру сәті мен еліміздің 30 жылдағы жетістіктері көрініс тапқан.