Исекешев Алматының ең криминогенді аудандарында жұмысты күшейтуді тапсырды

891

Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Алматыда қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу және полицияның сервистік моделін енгізу жұмысы жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Исекешев Алматының ең криминогенді аудандарында жұмысты күшейтуді тапсырды

Кеңес барысында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы құқық қорғау саласындағы міндеттердің іске асырылу барысымен танысты. Ол қылмыстық процесті жаңғырту жөніндегі пилоттық жобаның бүкіл елге енгізілгенін атап өтті. Бұл сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу заңнамасына тиісті түзетулермен бекітілген. Алматыда қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу қалай өтіп жатқаны туралы қала прокурорының міндетін атқарушы Назарбай Ибраймолдаев айтып берді.

"2021 жылы Алматы полициясы қылмыстық істер бойынша 30 225 процессуалдық шешім қабылдады, оның 24 708-і прокурормен келісіліп, бекітілді. Яғни, "прокурорлық сүзгі" азаматтардың құқықтарын бұзу санын 38%-ға азайтуға мүмкіндік берді", –деді Ибраймолдаев.

Кеңес аясында Әсет Исекешевке қылмыстық істерді жүргізудің жаңа форматы, қызметкерлердің жұмыс орындарын жабдықтау және өңделетін деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістері көрсетілді.

"Қазір Алматы полиция департаментінде қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу үшін 375 жұмыс орны жабдықталған. Е-форматты қолдану полицейлердің жұмысын ашық етеді, ал деректерді қорғау бойынша пайдаланылатын технологиялар қылмыстық істе құжаттардың бұрмалануына және ауыстырылуына жол бермейді", –деді Алматы ПД бастығы Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Алматының жол қауіпсіздігін бақылау жүйесінің жұмысымен танысты. Жүйе Алматы ПД жедел басқару орталығына шоғырландырылған 2 мыңнан астам бейнекамерадан тұрады. Екінші мәселені талқылауға көшкен Әсет Исекешев полицияның сервистік моделін пилоттық режимде енгізу процесі еліміздің үш өңірінде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

"Құқық бұзушылықтың алдын алудың қазіргі заманғы жүйесін құру тәсілдері мен полицияның сервистік моделін ел Президенті жанындағы Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия мақұлдады. Сондықтан сіздер полицияның сервистік үлгісі жұмысының негізгі қағидаттарын, ондағы әкімдіктің, басқа да мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың рөлін түсінулеріңіз қажет. Бұл ретте, қазірдің өзінде ең криминогенді аудандардағы қылмыстың нақты көрінісін қалыптастыру және бүкіл қала бойынша шаралар кешенін анықтау үшін сарапшылармен, құқық қорғау органдарының ардагерлерімен, жобалық кеңсе аясында сарапшылармен жұмысты күшейту қажет: қажет болған жерлерде бейнекамералар қою, учаскелік пункттер санын арттыру, патрульдеуді күшейту, жарықтандыруды жақсарту керек", –деп атап өтті Исекешев.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу