"Ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келді": Дәрігерлер 9 ай бұрын әйелдің ішінде дәкені ұмыт қалдырған

Алматылық келіншек ұзақ уақыт бойы түрлі ауырсынуды басынан өткерген. 

"Ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келді": Дәрігерлер 9 ай бұрын әйелдің ішінде дәкені ұмыт қалдырған Фото: strategy.nobl.ru

Кейіннен оның ішінен операция кезінде дәрігерлердің қалдырып кеткен дәкесі табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мұндай сұмдық ақпаратты бірінші болып адвокат Анна Чернова мәлімдеді. Оның сөзінше, 2024 жылдың тамызында әйел Алматыдағы №2 перзентханаға үшінші баласын босану үшін барған. Аяғы ауыр келіншекке кесір тілігі жасалып, ол келесі күні-ақ өзіндегі ауырсыну туралы дәрігерлерге ескерткен. Бірақ, оның талап-тілегі орындалмай, перзентханадан шығарып жіберген.

– Менің клиентімді 9 ай бойы үнемі ауырсынулар мазалады. Ол дұрыс ұйықтай алмады, тамақ ішпеді, әрең қозғалды, жаңа туған нәрестесін қолына көтере де алмады. Салмағы күрт түсіп кетті, ауырсыну күн санап күшейе берді. Әйел жеке клиникаларға барып, ондаған тексеруден өтті, қыруар ақша жұмсады, бірақ еш нәтиже болмады. Диагноз үнемі өзгеріп отырды, ешбір дәрігер не болып жатқанын түсіндіре алмады, – дейді адвокат А.Чернова.

Тек 2025 жылдың мамыр айында жүргізілген компьютерлік томография ғана кіші жамбас аймағындағы қандай да бір өзгерісті байқаған. "Ісік болуы мүмкін" деген күдік туындап, әйел тез арада ауруханаға жатқызылыпты.

– 2025 жылдың 3 маусымында шұғыл ота кезінде дәрігерлер таңданыс білдірді. Әйелдің ішінен мемлекеттік перзентханада кесір тілігі жасалған кезде қалып кеткен дәке табылды. 9 ай аралығында дәке іріңді қабыну мен перитонит тудырып, ішкі ағзаларды зақымдаған. Сол себепті, ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келді, – деп қоса кетті адвокат.

Зардап шеккен әйел денсаулығына атүсті қарағандарды жауапқа тарту үшін сотқа жүгінуге шешім қабылдаған. Ал, хирургтер тағы бір апта кешіккенде оны құтқарып қалу қиын болуы мүмкін екенін жасырмай айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу