Ішімдікке салынған ана ата-ана құқығынан айырылды

785

Баланың әкесі бөлек тұрады, жұмыс істейді, бірақ баласына тиісті жағдай жасамаған. Оның ата-ана құқығы шектелді.  

Ішімдікке салынған ана ата-ана құқығынан айырылды Фото: google

Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бала үйінің кәмелетке толмаған балаға қатысты ата-ана құқықтарынан айыру және шектеу, сондай-ақ алимент өндіріп алу туралы В.және А. - ға талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz.

"Кәмелетке толмаған бала балалар ауруханасынан балалар үйіне түскен. Оны полиция аға лейтенанты мас күйінде жатқан анасының қасынан тапқан. Үйде жас балалардың тұруына еш жағдай жасалмаған: антисанитария мен қолайсыз орта", - делінген Астана соты хабарламасында.

Сотқа жүгінуге анасының алкогольге тәуелділігі, жұмыс істемейтіні себеп болған. Сот ісі баланың әкесіне де қатысты болды. Ол жұбайынан бөлек тұрады, жұмыс істейді, бірақ баласын бағып-қағуға мүлдем қатыспаған.

Сот В.-ның "алкогольді ішуден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, депириемен қосылған абстинентті күй" диагнозымен нарколог дәрігердің есебінде тұрғанын анықтады.

В. қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішкені үшін әкімшілік жазасы бар (ӘҚБтК 440-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ сот қаулысымен баланы тәрбиелеу бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп танылды (ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі).

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР Кодексінің 78-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ата-аналар (олардың біреуі) ата-ана құқықтарын, егер олар өздерінің мінез-құлқын, өмір салтын және бала тәрбиесіне деген көзқарасын өзгерткен жағдайда қалпына келтірілуі мүмкін.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Сот В.-ны ата-ана құқығынан айырса, А.-ның құқығын шектеді, сонымен қатар баланы талапкерге тәрбиелеуге берді және алимент өндіруге құқықтық негіз бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу