Ішкі бағыттар бойынша ұшақ билеттерінің құны 12%-ға төмендеді

932

Fly Arystan әуе компаниясының нарыққа шығуына байланысты еліміздің әуежайларында жолаушылар ағынының өсімі байқалды.

Ішкі бағыттар бойынша ұшақ билеттерінің құны 12%-ға төмендеді

Мемлекет басшысының әуе тасымалдарының бағасын төмендетуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында отандық әуе компаниялары ішкі бағыттар бойынша ұшақ билеттерінің құнын орта есеппен 12%-ға төмендетті, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Министрлік әуе тасымалы нарығына Қазақстандағы алғашқы бюджеттік әуе компаниясының ашылып, қызмет көрсете бастауы елеулі әсер етті деп отыр. Ол ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттырып, тиісінше әуе билеттерінің тарифі біршама төмендеді.

"Fly Arystan әуе компаниясының нарыққа шығуына байланысты еліміздің әуежайларында жолаушылар ағынының өсімі байқалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы әуежайында жолаушылар саны 48%-ке артса, Алматыда – 45%, Семейде – 1013%, Таразда – 734%, Павлодарда 117%, Қарағандыда ​​– 90%, Шымкентте – 57 %, Оралда – 54% көбейген",– делінген хабарламада.

Ұшақ билеттерінің құнын төмендетуге бағытталған жұмыстар жалғаса бермек. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Қазақстанда ұшуларды жүзеге асыратын шетелдік әуе компаниялардың және әуежайлардың өкілдерімен кеңес өткізді.

Кездесуге Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларының әуежайлары және "Air China Limited", "China Southern Airlines", "Turkish Airlines", "Атласглобал", "Аэрофлот", "Fly Dubai", "Uzbekistan Airways", "Pegasus", "Etihad Airways", "Siberia Airlines", "Ural Airlines" және "Белавиа" сияқты шетелдік әуе компанияларының өкілдері  қатысты. Мемлекет меншігіндегі әуежайлар үшін отын құнын орташа нарықтық деңгейге дейін төмендету және шетелдік әуе компаниялармен арадағы шарттарды осы шешімге сәйкес келтіру тапсырылды.

Әуе тасымалы құнында ең үлкен үлес салмақ осы әуе отынына тиесілі және ол көрсеткіш 30% дейін жетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу