Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов үкімет отырысында Астанамен қоса оның іргесіндегі елдімекендерді су алып кету қаупі бар екенін ескертті деп хабарлайды SkifNews.kz.
Мекеме басшысының айтуынша, Астана су қоймасынан айдалған су секундына 40-тан 1200 текше метрге дейін артып кеткен. Салдарынан Аршалы ауданындағы бір елдімекенді су шайып кетіпті.
"Астана мен оның іргесіндегі елдімекендерді судан қорғау үшін тасқын суды Астана су реттеуішіне жіберіп жатырмыз. Қазір 132 млн текше метр су жиналды. Ал оның сыйымдылығы 450 млн текше метр. Астана су қоймасынан дәл қазіргі қарқынмен су айдала беретін болса, су реттеуіш небәрі үш күнде толады. Салдарынан тоған жарылып, елорда мен өзге де елдімекендер толық су астында қалуы мүмкін", – дейді министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда алдын алу шаралары ойластырылып жатыр.
"Ішкі істер министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары Астананы су шаймауы үшін тиісті шаралар қолданады", – дейді министр.