Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның қызметімен танысты

856

Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Ұлттық ұланға іс-сапары өтті.

Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның қызметімен танысты

Ведомство басшысы құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшылығында және елордалық жедел құрамасында болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-сапар барысында Ішкі істер министрі Бас қолбасшылықтың әскерді басқару орталығын, 5573 әскери бөлімінің материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымы және оқу-жаттығу объектілерін, сондай-ақ техника және қару-жарағын көрді.

Марат Ахметжанов өз сөзінде Ұлттық ұланның елдегі тұрақтылықты сақтау, азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттерді орындайтынын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қызметіне жоғары баға бергенін жеткізді.

"Ішкі істер органдары үшін де, Ұлттық ұлан бөлімшелері үшін де қаңтардағы оқиғалар күрделі сынақ болды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қиын күндерде алдыңғы шепте конституциялық құрылым мен ел тыныштығын қорғады. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы әскердің жауынгерлік дайындығына, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің моральдық-жауынгерлік қабілетіне айрықша мән беріп отыр", – деді ІІМ басшысы.

Құқық қорғау органдарының басшысы ел Президентінің Ұлттық ұланды сандық және сапалық тұрғыдан нығайтуға қатысты міндеттерін ескере отырып, алдағы кезеңге арналған маңызды мақсаттарға тоқталды. Сонымен қатар еліміздің бас полицейі Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетіне тиісті өзгертулер енгізу қажеттігін сөз етті.

Кездесу қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов Ұлттық ұланның жеке құрамына борышы мен антына адалдығы және күнделікті қызметі үшін алғыс білдірді.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов өз кезегінде ел Президенті мен Ішкі істер министрінің қоғам мен мемлекеттің, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерінің алдағы уақытта да жоғары деңгейде орындалатынына кәміл сенім білдіретінін жеткізді.
 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу