Кеше түнде жер асты дүмпулері сезілген Алматыда қаладағы жедел жағдайдың асқынуына жол берілмеді. Осы тұрғыда, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі тонау фактілері тіркелмегенін хабарлады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Түн салыстырмалы түрде тыныш болды. Қалада жедел жағдайдың күрделенуіне жол берілмеді. Жол қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етілген. "102" желісі штаттық режимде жұмыс істеді және азаматтардан қоңыраулар саны көбейген жоқ", - делінген сейсенбі күні таратылған ақпаратта.
Бұл ретте, Ішкі істер министрлігі "Бастапқы кезеңде азаматтар мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету және қылмыс жасаудың алдын алу бойынша шаралар қабылданғанын" атап өтті.
"Тонау фактілері тіркелген жоқ", - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, кеше түнде Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінді. Оның қарқындылығы 5 баллды құрады. Жерасты дүмпулері салдарынан 44 адам зардап шекті. Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының мәліметінше, магнитудасы 6,7 болатын жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан мен Қытай Халық Республикасының шекарасында болған.
Айта кету керек, Алматы полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері күшейтілген кезекшілік нұсқасына ауыстырылды. Қаладағы тәртіпті 2,5 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етті. Соның ішінде, патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлері, анықтаушылар, сондай-ақ жедел-тергеу топтары бар.