Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан үкіметі мен Беларусь үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша 2019 жылғы 25 қазанда Нұр-Сұлтанда қол қойылған келісім екі ел арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
"Аталған құжат статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне көмек көрсетеді", – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Келісім көші-қон саласындағы қылмыстармен күресу, қос азаматтыққа жол бермеу шараларын қамтиды. Қазіргі кезде министрлік осы салада 23 халықаралық келісімді бекіткен. Тағы 9 келісім әзірленуде.
"Нәтижесінде заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылады, азаматтарды басқа елдерге қайтару мәселесі шешіледі. Сонымен қатар, шетелдіктердің Қазақстанға келу мерзімі мен қос азаматтыққа жол бермеу тетіктері қарастырылған", – деді Ішкі істер министр.
Құралай Құдайберген