Polisia.kz-тің мәліметінше, егер сізге осындай SMS-хабарлама келіп түскен болса, онда ІІМ дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәліметтер жоқ. Сондықтан сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелу қажет.
Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты – нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту (әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмау үшін).
Бүгінгі күні тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан астам уақытқа 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған ("Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 492-бабы).
Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі "Электронды үкімет" порталында, сондай-ақ Halyk Homebank мобильді қосымшасында қолжетімді.
Сіз өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелгеніңізді порталдағы "Жеке кабинетте" (eGov.kz) немесе eGov mobile мобильді қосымшасынан тексере аласыз.