Бұл туралы "Ашық" НҚА порталында жарияланған Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстардың шамамен 80%-ы меншікке қарсы жасалады – ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық жымқыру. Олардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 2018-2022 жылдар ішінде ұрлық үлесі 62,6%-дан 40,1%-ға дейін төмендеді. Мүлкінен айырылған адамдардың бәрі бірдей түрлі себептермен полицияға арызданбайды", - деп көрсетілген министрліктің 4 жылдық жоспарға енгізген мәліметтерінде.
Жыл сайын ұрлық саларынан азаматтарға 10 млрд теңгеден аса шығын келеді. Ал, кейінгі 5 жыл ішінде қылмыс уақытылы ашылып, зардап шеккендерге 57 млрд шығынның 32 млрд теңгесі өтелген. Тиісінше қалған 25 млрд теңге қайтарылмаған.
"Талдау көрсеткендей, ұрлықтың 62%-ы күндізгі уақытта жасалады. Олар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың 70%-ын құрайды. Олардың ішінде 85% барлық қалта, жартысынан көбі ұялы телефон және 65%-ы көлік құралдарын ұрлау. Ұялы телефон ұрлығының жоғары үлес салмағы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, Ақтөбе, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі", - деп талдау жасалған тұжырымдамада.
Құқық қорғау органдарының ақпаратына қарағанда, азаматтар ұрлық фактілері туралы арызды кеш түсіреді. Бұл аралықта қылмыскер мүлікті өткізіп үлгереді.