"Кітапты жазу барысында Орал, Шымкент қалаларындағы журналистермен кездестік, сондай-ақ, БАҚ өкілдерінің пікір, ұсыныстарын жинадық. Соның негізінде кітап нұсқасы түзілді. Тақырып өте ауқымды. Сондықтан электронды нұсқасында барынша толықтырып отырамыз. Көмекші құралды Қазақстандағы медиа ұйымдарға, журналистика факультеттеріне тегін таратамыз", – дейді идея авторы, жоба жетекшісі Ербол Азанбек.
Кітапты жазуға Шолпан Әйтенова, Әсия Акишева, Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Әлібек Аллияров, Дінмұхамед Зиядин қатысқан. Сонымен қатар, Мира Халина, Олег Хе, Айнұр Каргалинова, Гүлзат Нұрмолдақызы сынды белгілі журналистер тәжірибесімен бөлісті.
Таныстырылымда кітап авторлары іскерлік-журналистика туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
"Бұрын біз әр санды тиісті ведомстваларға барып, анықтап, талдап жазатынбыз. Себебі ол кезде техника, іскерлік сала дамымаған еді. Әлі есімде, алғаш рет мұнай-газ кен орындары туралы қалам тербеу үшін Атырауға барғанбыз. Бұл көмекші құрал бизнес, қаржы, экономика тақырыбында жазамын деген кез келген жасқа арнайы нұсқаулық іспетті. Мұнда мәліметтерді алатын дереккөздерден бастап, мақаланы жарнамалауға дейін барлығы қамтылған",– дейді белгілі журналист Гүлзат Нұрмолдақызы.
"Іскерлік журналистика" кітабы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен жарық көрген. Таралымы 1000 дана. Сондай-ақ электронды нұсқасын арнайы QR-код арқылы 7kun.kz сайтынан жүктеп алуға болады.