Бұрынғы президенттің ұлы оның әйелін сотқа бергені туралы жаңалық Өзбекстан жұртшылығын дүр сілкіндірді. Ислам Каримовтың ұлы Петр Каримов мұра үшін әкесінің ресми әйелі Татьяна Каримовамен сотталмақшы, деп хабарлайды inbusiness.kz Интерфаксқа сілтеме жасай отырып.
Хабарламада 26 маусымда Ташкент аудандық азаматтық істер соттарының бірінде Өзбекстанның тұңғыш президенті, марқұм Ислам Каримовтың әйелі Татьяна Каримоваға қарсы азаматтық іс қаралатыны атап өтілген. Талапкер - бұрынғы президенттің бірінші некедегі ұлы – Петр Каримов.
Ол мұрагерлікке байланысты дау-дамайды шешу үшін сотқа жүгінген.
Петр Каримов - 1960 жылдары үйленген Ислам Каримов пен Наталья Кучманың ортақ баласы. Бұл туралы ресми ақпарат 2016 жылы Каримов қайтыс болғаннан кейін ғана жарияланды.
Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болды. Екінші әйелі Татьяна Каримовамен некеде оның екі қызы дүниеге келді - Гүлнара мен Лола.