Ислам ынтымасқтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сауд Арабиясының өкілі Юсеф бен Ахмед әл-Усайминді ұйымның бас хатшысы қызметіне сайлады. Бұл туралы ИЫҰ-ның ресми сайтына сілтеме жасап "РИА Новости" хабарлады.
Бұл шешім Ислам ынтымақтағы ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі шұғыл мәжіліс барысында бірауыздан қабылданды. Ұйымның бұрынғы бас хатшысы Сауд Арабиясының өкілі Ияд Мадани Мысыр президенті Абдель Фаттахе ас-Сиси туралы айтқан әзіліне қалың көпшілік тарапынан көп сын айтылған соң отставкаға кету туралы өтініш берді. Әл-Усаймин 1976 жылы Сауд Арабиясында Сауд королі атындағы Университеттің Әлеуметтану және әлеуметтік қызмет бөлімін тәмамдаған. Кейін 1982 жылы әлеуметтану бойынша АҚШ Огайо университетінің магистрі атағын алды. 1986 жылы әлеуметтік қорғау тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ол Сауд королі Университетінде оқытушы болып жұмыс істеді, содан кейін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңесшісі болып тағайындалды. Кейінірек ол осы мекемені басқарып, 2014 жылдың желтоқсанына дейін министр болды. Ислам ынтымақтастығы ұйымы әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда ислам тілектестігін қамтамасыз ету мақсатында 1969 жылы қыркүйек айында құрылды. Оның құрамына 57 мемлекет кіреді.