Германия үкіметі Магдебург қаласындағы рождестволық базарда бес адамның өмірін қиып, 200-дей тұрғынды жаралаған көлік жүргізушісіне қатысты тергеуді бастады.
Ол жұма күні кешкісін рождество маусымын тойлауға жиналған көпшілікті көлікпен соқты. Бұл оқиға Германияда ақпан айында өтетін жалпыұлттық сайлау қарсаңында қауіпсіздік пен иммиграцияға қатысты қызу пікірталас тудыруы мүмкін. Сауалнамалар әсіре оңшылдар күшті нәтиже көрсетеді деп болжап отыр.
Сенбіде жергілікті билік шабуылдың себебі анық емес деп мәлімдеді. Дегенмен, Магдебург прокуроры Хорст Нопенстің айтуынша, күдіктінің Германияның саудиялық босқындарға қатысты әрекетіне көңілі толмаған тәрізді.
Германияда жиырма жылға жуық өмір сүрген 50 жастағы психиатр елді дүр сілкіндірген үш минуттық шабуылдан кейін оқиға орнында ұсталды. Полиция күдіктінің есімін айтпады. Ал неміс ақпарат құралдары оны Талеб А. деп атап отыр.
Қалалық полиция қызметкері тілшілерге айтып бергендей, жүргізуші жылдамдықты арттырып, көпшілікті соқпас бұрын, апат кезінде шығатын жолмен көлікті адамдарға бағыттаған.
Магдебург қалалық билігінің өкілі Ронни Кругтың сөзінше, қаза тапқандардың арасында тоғыз жасар бала мен төрт ересек адам бар. Ал жараланғандардың 41-і ауыр хәлде жатыр екен.
Қанды оқиғадан кейін базар уақытша жабылды.
"Осындай қатыгездікпен көптеген адамдарды жаралап, өлтіру қандай қорқынышты әрекет", – деді канцлер Олаф Шольц қара жамылған қалаға сапар шегіп, шіркеуге ақ раушан гүлдерді қойғаннан кейін.
ОНЛАЙН ПОСТТАР
"Рейтер" агенттігі растаған күдіктінің Х аккаунтындағы жазбаларға қарағанда, ол исламға қарсы сөйлеп, оңшыл партияларды, соның ішінде "Германияға балама" (AfD) партиясын қолдаған. Күдіктінің Германияны саудиялық босқындарға қатысты әрекеті үшін сынағаны белгілі болып отыр.
Германияның Ішкі істер министрі Нэнси Фазер күдіктінің исламофобиясы анық екенін айтады. Бірақ ол саудиялық доктордың көпті көлікпен соғу мотивіне қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.
Талеб А. 2019 жылы бірқатар БАҚ-қа, солардың ішінде неміс газеті FAZ бен британдық BBC-ге сұхбат беріп, саудиялықтар мен исламнан бас тартқандарға Еуропаға қашуға көмектесетін белсенді ретіндегі жұмысын баяндап берген.
"Жақсы ислам жоқ", – деген ол FAZ тілшісімен болған әңгімеде.
Сауд Арабиясы өкілдерінің мәлімдеуінше, олар Германия билігіне күдіктінің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретінін алдын ала ескертіпті.
Неміс қауіпсіздік күштері Сауд Арабиясы билігінің 2023 және 2024 жылдары Берлинге бірнеше кеңестер жібергенін және сол "наводкалардың" тиісті қауіпсіздік органдарына тапсырылғанын айтып отыр.
Алайда, Welt газеті қауіпсіздік көздеріне сілтеме жасап хабарлағандай, өткен жылы Германияның мемлекеттік және федералдық қылмыстық тергеушілері ер адамның "нақты қауіп төндірмейтіні" туралы қорытындыға келген.
БАЛАЛАР АЙҚАЙЛАДЫ
Андреа Рейс жұма күні базарда болып, сенбіде қызы Джулиямен бірге оқиға орнына қайта барып, шіркеу жанына шырақ қойды. Айтуынша, оны да көлік қағып кете жаздаған.
"Балалар айқайлап жатыр, қатты жылады, мамаларын шақырды. Мұны ұмытуға болмас сірә", – деді ол көз жасына ерік беріп оқиғаны еске алғанда.
Шольцтің социал-демократтары 23 ақпанға белгіленген кезектен тыс сайлау қарсаңында әсіре оңшыл AfD мен консервативтік оппозицияның соңында келеді. Мұны жақында жүргізілген сауалнамалар қорытындысы көрсетіп берді.
Бұрынғы Шығыс Германияда ерекше қолдауға ие AfD иммиграцияға қарсы күрес жүргізуге шақырып отыр. Дегенмен, оның канцлерлікке кандидаты Элис Вайдель мен осы партия лидері Тино Чрупалла базардағы шабуылды айыптап, жұрт алдында мәлімдеме жасаған.