Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды испандық "Auditores Energeticos AFN" компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады.
Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы – қоршаған ортаға зиянсыз.
"Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының үкіметі арасында АХҚО алаңында жасалатын арнайы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Заңды сүйемелдеуді "Қазақинвест" ұлттық компаниясы жүргізеді", – деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Инвесторлармен келіссөздер жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады.
Оның ішінде, 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.
Биыл 9 айдың қортындысымен 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103 181 тоннаны құрады.