Испания полициясы Сеутадағы мигранттар лагерін таратып жіберді

257

Испания Сеута эксклавындағы уақытша лагерьлерде тұрып жатқан мыңдаған африкалық мигрантқа қарсы ауқымды операция жүргізді.   

Испания полициясы Сеутадағы мигранттар лагерін таратып жіберді Фото: Bild

Қауіпсіздік күштері ең ірі лагерді тазалап, мыңнан астам адамды мигранттарды қабылдау орталықтарына жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Желіде тараған суреттер мен видеолардан брондалған машиналардың Эль-Трамполин жағажайындағы лагерьге жақындап келе жатқанын, қаруланған полицейлердің мигранттар тобын күзетіп, шатырларды тінтіп жатқанын байқауға болады. Испаниялық БАҚ-тың жазуынша, операцияға 350-ден астам адам, соның ішінде арнайы полиция бөлімшелері мен әскерилер қатысқан. Бұдан бөлек барлау дрондары да қолданылған.

Жергілікті БАҚ Эль-Трамполин лагеріндегі санитарлық жағдайдың нашарлағанын мәлімдеді. Мигранттар лагерінде ересектердің қарауынсыз қалған кәмелетке толмаған қыздарға зорлық-зомбылық көрсету деректері туралы да бірнеше рет хабарланған.

Испанияның RTVE телеарнасының хабарлауынша, лагерьде үш жарым мыңға жуық мигрант тұрған. Мыңнан астам адам тіркеу үшін Тарахаль шекаралық өткеліне жеткізіліп, кейіннен қабылдау орталықтарына бөлінді, алайда жүздеген марокколық өз еркімен отанына қайтқан.

Арнайы операциядан кейін тоғыз күн өткен соң Испанияның королі жұбайымен бірге Сеутаға келеді. Десек те, лагерді тазалау жұмыстары король Фелипе VI мен Летиция патшайымның сапарына байланысты жүргізілді дегенге ресми ақпарат жоқ. Испания полициясы бұған дейін де осындай бірнеше операция өткізген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу