Испанияның азаматтық гвардиясы Тенерифе аралында жолаушылардың чемодандарынан құнды заттарды ұрлады деген айыппен әуежайдың 14 қызметкерін ұстады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Испанияның Ішкі істер министрлігі тағы 20 адам тергеліп жатқанын мәлімдеді. Азаматтық гвардия ұсталғандарды қылмыстық топқа қатысы бар, қарақшылық шабуыл жасады, шығын келтірді және ақшаны жылыстатты деп айыптап отыр.
Тінту кезінде 29 қымбат сағат, 120 зергерлік бұйымдар, 22 ұялы телефон, электронды құрылғылар және 13 мың ақшалай еуро табылды. Барлық ұрланған заттардың құны шамамен 2 миллион еуроға жетеді. Ұсталғандар көптеген заттарды сатып үлгерген. Қазір аралдағы 27 зергерлік дүкенде тергеу жүріп жатыр.
Жолаушылардан багажды ұрлау фактілері туралы арыздар мен шағымдардың көбеюіне байланысты тексеріс жүргізілген.
Испания Ішкі істер министрлігі атап өткендей, ұсталғандар әуежай жұмысшылары мәртебесін пайдаланып, ұшақ салонындағы багажды ашып, өздеріне қызықты заттарды алып кеткен. Жұмысшылар содан кейін чемоданның ауызын жауып, із қалдырмауға тырысқан.