Елордада арнайы операция барысында Испаниядан жеткізілген ірі көлемдегі есірткі тасымалына қатысы бар қазақстандық азамат ұсталып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Биыл ақпанда жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астанадағы пошта байланысы бөлімшелерінің бірінен шетелден келген күдік тудыратын сәлемдеме анықталған. Сараптама қорытындысы бойынша, оның ішінен 700 грамнан астам каннабис шайыры табылған.
Күдікті – 23 жастағы қазақстандық азамат – есірткіні алу кезінде, яғни қылмыс үстінде ұсталды. Одан әрі жүргізілген тінту кезінде оның тұрғылықты мекенжайынан есірткіні буып-түюге арналған құралдар, таразы және заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін бейнежазбалар табылған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол құпия мессенджерлер арқылы тапсырыстар қабылдап, есірткіні бөлшектеп, Астана аумағында таратумен айналысқан.
Көлік полициясы бұл операция арқылы халықаралық есірткі арнасын жойғанын мәлімдеді. Мамыр айында өткен сот процесінде айыпкердің кінәсі толық дәлелденіп, ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды.