Испаниялық компания Ресейдегі өндіріс орындарын Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастыруда

625

Химиялық компания аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты өнімді тасымалдау мен шикізатқа қол жеткізуде қиындықтарға кезіккен.

Испаниялық компания Ресейдегі өндіріс орындарын Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастыруда Фото: «KAZAKH INVEST» ҰК

ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев пен "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Испанияның "MAXAM" химиялық компаниясының Атқарушы Директоры Хуан Карлос Гарсиамен кездесті, деп жазады inbusiness.kz.

Хуан Карлос Гарсианың сөзінше, аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты компания өнімді тасымалдау мен шикізатқа қол жеткізуде қиындықтарға тап бола бастаған. 

"Осыған байланысты компания өндіріс орындарын Ресейден Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастыруда. Оның айтуынша, инвестиция көлемі 15 миллион доллардан асуы мүмкін. Компания отандық нарықта 2002 жылдан бері жұмыс істейді", - делінген "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Ардақ Зебешев Қазақстанға инвестиция салудың артықшылықтарын, елдегі қолайлы бизнес-климатты және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.

Ал Мейіржан Юсупов испаниялық компанияны инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

Ақпаратқа сәйкес, испаниялық компанияның сапарын "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ мен Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігі ұйымдастырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу