Испанияның танымал журналы Алматыны тау бөктеріндегі үздік 5 қаланың қатарына қосты

112

Әсіресе, Шымбұлақ тау шаңғысы курортына ерекше назар аударылған.

Испанияның танымал журналы Алматыны тау бөктеріндегі үздік 5 қаланың қатарына қосты Фото: canva

Испанияның Viajar туристік журналы Алматыны тау бөктерінде орналасқан және қала орталығынан тау шаңғысы трассаларына жылдам жетуге болатын әлемдегі 5 қаланың қатарына енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Басылымдағы мақалада Алматы қысқы әрі белсенді туризмге арналған инфрақұрылымы дамыған Инсбрук (Австрия), Гренобль (Франция) және Зальцбург (Австрия) сынды танымал бағыттармен қатар ұсынылған.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, материал Viajar журналы өкілдерінің Алматыға жасаған сапарының нәтижесінде әзірленген.

Аталған сапар Almaty Tourism Bureau қолдауымен ұйымдастырылып, қонақтарға қаланың басты туристік нысандары, табиғи келбеті мен мәдени көрікті жерлері көрсетілген.

– Әсіресе, Шымбұлақ тау шаңғысы курортына ерекше назар аударылған. Мұндағы аспалы жол қонақтарды теңіз деңгейінен 3 мың метрден астам биіктікке көтерсе, әлемдегі ең биік таулы ашық мұз айдыны орналасқан Медеу кешені де тамсандырды. Аспалы жолмен жоғары көтерілу ұмытылмас әсер сыйласа, қаланың бай мәдени және гастрономиялық өмірі Алматыны саяхатшылар үшін бұрынғыдан да тартымды ете түседі, – деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, 1978 жылы құрылған Viajar журналы Испаниядағы ең беделді туристік басылымдардың бірі саналады. Саяхатшыларға арналған басылым мәдени, белсенді әрі танымдық туризмге басымдық береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу