Биыл Астанада алғаш рет ұйымдастырылған шара 2500-нан астам адамның басын қосты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Смайыл Қазақ-Британ университетінің студенті. Ол бос уақытында мобильді ойын құрастырумен айналысады. Геймер әр қосымша қоғамның дамуына үлес қосуы керек,деген пікірде.
"Мұндай мобильді ойынның Қазақстанда баламасы жоқ. Біз үстел ойынын барлық отбасылық құндылықтарды сақтай отырып онлайн форматқа көшіріп жатырмыз. Қатысушылар ұялы телефондары арқылы бір уақытта танымдық, топтық ойын ойнайды. Бұл тарихқа тереңдеуден бөлек, отбасылық бірлікті арттырады", - деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті Смайыл Кубашев.
Қазақстан-Британ университетінің зертханасында тарих пен IT-ді ұштастырған тағы бір жоба жүзеге асты. Танымдық бағдарламаның мақсаты Қазақстанның тарихын үлкен-кішіге ойын арқылы жеткізу.
"Қазақ-Британ техникалық университетімен неге біз байланыс орнаттық өйткені бұл жерде мен тәжірибелі мамандар бар екенін естідім. Және олардың жұмыстарын тексердім, көзім жетті. Сосын осы ойынның белгілі бір бөлігін бұлар жасап берді. Бүгінгі таңда бізде иа мамандардың тапшылығы байқалады біздің нарықта дегенмен бұл жердің мамандарының жасаған дүниесі көңілімнен шықты деп айтсам ол аз айтқаным болып есептеледі", - дейді кәсіпкер Олжас Серікұлы.
Инновациялық жаңалықтардың негізі сапалы білім, дейді сарапшылар. Сондықтан 2 күн бойы EDUFEST фестивалі аясында саладағы проблемалар мен перспективалар талқыланды.
"Қазір IT технологияларды бастауыш сыныптардан бастап барлық сабақта қолдану керек. Балалар сол білімін практикалық тұрғыда пайдалана алуы маңызды. Сонымен қатар оқушылардың кибер қауіпсіздігі де өзекті мәселе болып тұр. Біз әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы қауіптерден сақтануды үйретуіміз керек", - дейді "NNEF" қоғамдық қорының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің басшысы Мензива Копжасарова.
"IT FEST-2023" аясында студенттер білікті мамандардан тәжірибе алса, стартап компаниялар серіктес тапты. Ал жас кәсіпкерлер қаржыландыруға қол жеткізді. 8 бағыт бойынша жеңімпаздар болса қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.