IТ-мамандар теміржол саласын автоматтандыруға ниетті

391

Қазақстандағы теміржол станцияларын толық автоматтандыратын уақыт жетті. Оған отандық мамандардың қарым-қабілеті жеткілікті.

IТ-мамандар теміржол саласын автоматтандыруға ниетті Фото: inbusiness.kz

Petroleum компаниялар тобының IT-мамандары бұған сенімді. Ірі логистикалық оператордың бағдарламашылары аналогы жоқ IT өнім әзірледі. Оны қолданысқа енгізіп те үлгеріпті.

WEB-технологиялар, есеп айырысу жүйесі, коммерциялық тексеру және вагондардың нөмірлерін 95% дәлдікпен анықтау. Petroleum және Аlterapp компаниясы IT-мамандарының әзірлеген бағдарлама осының барлығын бір жүйеге біріктіреді. Жоғарыда аталған процестің барлығы адамның араласуынсыз автоматты түрде орындалады.

Осындай жаңашылдық қазақстандық темір жол саласына үлкен өзгеріс әкеледі деп сенеді мамандар. Барлық станциялар осы жүйеге көшсе теміржол тасымалындағы қағаз құжат айналымы азаяды. Ескірген есеп айырысу жүйесімен тарифтерді қолмен есептеу де тоқтайды. Ал вагондардың номерін анықтауға арналған бейне тану әдісі кез-келген ауа-райында жұмыс істей береді.

"Бұл жүйе күн көзін көрмей 5-7 тәулікке дейін жұмыс істей алады. Яғни оған ешқандай қуат берілмегеніне қарамастан қараңғыда қызметін жалғастыра береді. Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүріп бара жатқан  вагондардың номерлерін анық түсіреді. Мұнда бәрі жеңілдетілген. Технологиялық процесте адам қағазды қолмен толтырмайды. Нөмірлерді жазып жүрмейді. Бағдарлама барлығын өзі цифрландырып, оны толығымен реттік нөмірімен планшетке түсіріп береді", - дейді AlterApp Бас директорының орынбасары Сергей Скутин.

Елімізде бұл IT жобаның аналогы жоқ. Ал әлемдегі баламаларының бағасы қымбат. Сондықтан күн санап алыс-жақын шет елден қызығушылық танытушылар қатары артып келеді. Қазір еліміздегі 5 компания қызметін осы жүйемен жүргізіп отыр. Тағы 3 мекеме тасымал үрдісіне жаңа жүйені кіріктіруді бастапты. Жоба авторлары Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп бағдарламаның қолданыс аясын кеңейтуге ниетті.

"Егер салаға қажетті әртүрлі бағдарламаларды алып, оларды қызметіңізге қолайлы етіп біріктірсеңіз әлдеқайда қымбатқа түседі. Біз осы мәселенің шешімін іздеп, барлығы қамтылған бір өнім шығаруға ниеттендік. Біздің жүйе үшін колёса, мотор және каркас бағдарламаларын сатып алудың қажеті жоқ. Біз барлығын бір платформаға интеграциялаған өнім ұсынып отырмыз", - дейді Petroleum компаниялар тобының Ақпараттық технологиялар жөніндегі директоры Данияр Шаймерденов.

Petroleum компаниясы теміржол станцияларын автоматтандыруды ғана емес, елдің көлік-логистикалық жүйесін толығымен цифрландыруды жоспарлап отыр. Негізгі миссия - елдегі кез-келген тасымалдау процесі қазіргі заманға сай болуы керек.  Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру қағазбастылықтан арылуға ғана емес, адами факторды жояды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу