ІТ саласын терең игерген 320 мың маман даярланады

1049

Жыл сайын 400 мыңнан астам кадр "цифрлық құзыретке" ие болады.

ІТ саласын терең игерген 320 мың маман даярланады

Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Цифрлы білім" жобасының нәтижесі қандай болатынын баяндады.

"Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес біз "Цифрлы білім" ауқымды жобасын іске асыруды ұсынамыз. Жобаның ерекшелігі қандай? Жоба негізгі үш бағытты қамтиды. Бірінші – базалық цифрлы құзырет. Барлық азаматтарға бағытталған. Мұндай бағдарламалардың мазмұнына: күнделікті өмір үшін қажет IT құралдарды пайдалану, цифрлық ортада бағдарлау, қарапайым ІТ өнімдерін жасау сияқты дағдылар кіреді. Екінші –мамандандырылған ІТ-кадрларды даярлау. Нарықтың сұранысына сәйкес жоғары сапалы, ІТ саласын терең игерген 320 мың маман дайындау көзделіп отыр. Үшінші – басқа сала жұмыскерлерін IT құзыретке бейімдеп, даярлау. Бұл ретте барлық саланың білім алушылары IT құзыретін өз мамандығымен қоса пайдаланатын деңгейде меңгереді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, медицина, ауыл шаруашылығы, құрылыс, заңтану және басқа салаларда оқитын студенттер цифрлық құзыретті игеріп, пәнаралық маман болып шығады. 

"Жоба нәтижесінде терең IT білімі бар жаңа мамандар шығарылады. Аталған жобаның шеңберінде жыл сайын 400 мыңнан астам кадр "цифрлық құзыретке" ие болады. Осылайша, 2030 жылы әр деңгейдегі оқу орындары жаңа формациядағы 3 миллионнан астам маман даярлайды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу