IT саласындағы орташа жалақы қандай?

431

Секторда 15 мыңнан аса адам еңбек етеді.

IT саласындағы орташа жалақы қандай? Фото: CNews

Компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспе қызметтер секторындағы қызмет көлемі биылғы қаңтар-наурыз айларында экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алғанда 172,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда ақшалай мәнде 23,4%-ға артық, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап. 

Экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алмағанда қызмет көлемі 171 млрд теңге болды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 22,5%-ға артық.

Сектордағы қызмет көлемінің жартысынан көбі Алматыға (94,3 млрд теңге), ал үштен бірінен астамы Астанаға (59,5 млрд теңге) тиесілі. Аталмыш екі қалаға республика бойынша сектордағы барлық қызмет көлемінің 89,9%-ы жатады.

Компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспе қызметтер саласындағы қызметкерлер саны пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Мысалы, 2023 жылдың бірінші тоқсанында қызметкерлердің тізімдік саны 15,2 мың адамды құрады. Бұл  былтырғыға қарағанда 15%-ға артық. Бұл ретте сектордағы әйелдер үлесі бір жылда 40,5%-дан 38,2%-ға дейін азайған. 

Саладағы қызметкерлердің нақты саны бір жылда 15,6%-ға артып 14,4 мыңды құрады. Оның ішінде әйелдер саны – 5,2 мың.

Биылғы бірінші тоқсанда сектордағы орташа айлық жалақы 790,6 мың теңгені құрады. Бұл республика бойынша орташа жалақыдан 2,3 есеге артық.

Жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсімі бір жылда 38,1%-ды құрады.

Сектордағы 249 кәсіпорынның 204-і шағын кәсіпорын, 34-і – орташа, 11-і – ірі компания.

Саладағы ең төмен жалақы шағын мекемелердің қызметкерлерінде байқалады: осы жылдың бірінші тоқсанында – 635,2 мың теңге. Ірі компанияларда бұл көрсеткіш 797,6 мың теңге болса, ең жоғары көрсеткіш орта кәсіпорындарға (876,1 мың теңге) тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу