Кейінгі 5 жыл ішінде отандық IT қызметтердің экспорты 20 есе ұлғайып, жыл қорытындысы бойынша 600 млн доллардан асты. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде IT индустрия – жаһандық экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазақстан әлемде цифрландыру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн-қызметтер көрсету бойынша 8-орында тұр. Біздің елімізде роботтандыру және жасанды интеллект технологиялары орнықты дамып келеді. Күнделікті өмірдегі қызметтердің цифрлық трансформациясы жалғасып жатыр. Қажетті заңнамалық база құрылып, оны үнемі жетілдіру жұмыстары жолға қойылды. Цифрлық трансформация тұжырымдамасы қабылданды, сондай-ақ венчурлік нарықты және стартап-экожүйені дамыту үшін қолайлы экономикалық жағдайлар жасалды", – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде Астана-хаб технопаркінде 1,5 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр.
"Өткен аптада мен Астана-хабқа арнайы барып, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы отандық жобалармен және стартаптармен таныстым. Бұл салаларда нақты жетістіктер бар. Кейінгі 5 жыл ішінде отандық IT қызметтердің экспорты 20 есе ұлғайып, жыл қорытындысы бойынша 600 млн доллардан асты. Өңірлік акселерациялық бағдарламаларды және басқа елдердегі жаһандық әріптестік желіні дамыту саясатын одан әрі жалғастыру керек", – дейді О. Бектенов.