Италия кәсіпкерлері Алматы облысына инвестиция тартпақ

704

Италия кәсіпкерлері Алматы облысына инвестиция тартпақ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов италиялық делегациямен кездесті. Кездесу барысында екі тараптың қарым-қатынастағы мүдделі экономикалық байланысы туралы кеңінен сөз болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, басым бағыттары туралы баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов италиялық кәсіпкерлермен бұл әңгімелесу одан әрі тиімді жобаларға ұласатынына сенім білдірді.

Кездесуге келген Италияның 4 ірі "INFORTRADE SRKS", "Garmet", "Brio", "Longo" компаниясының басшылары өздерінің айналысатын саласы, өндірісі, бағыт-бағдары мен жоспарлары туралы қысқаша баяндап өтті.

Қоқыс өңдеумен, жаңартылған энергия көздерін дамытумен, темір бұйымдарын шығарып, құрылыс жүргізумен, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын компаниялар Алматы облысының инвестициялық мүмкіндігіне қызығушылық танытатынын жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары елбасының алдымызға қойып отырған ауқымды міндеттерінің бірі инвестиция тарту екенін, облыс аумағында бірқатар маңызды жобаларды іске асыруға мүдделілік танытқан еуропалық кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айта келе, ресми қонақтардың ісіне сәттілік тіледі.

Жүздесуден кейін италиялық делегация кәсіпкерлер палатасында облыс және қала әкімдігі мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтетін жиынға қатысып, нақты жобаларды іске асыру жолдары талқыламақ. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы бірқатар өнеркәсіп нысанын аралайды деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу