Оқиға сейсенбі күні Пьемонт облысындағы Монте Моро асуы маңындағы тау шаңғысы курортында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зардап шеккендер бар. Биіктікте тұрып қалған туристерді тікұшақпен эвакуациялауға тура келді.
Бастапқы деректерге сәйкес, сағат 11:25 шамасында кабиналардың бірі жоғары көтеріліп келе жатып, қалыптыдан жылдамырақ қозғалған. Станцияға кірер кезде ол дер кезінде тоқтай алмай, қоршауға соғылған.
Сол сәтте қарсы бағыттан станцияға тағы бір кабина келген, оның ішінде тек жүргізуші болған. Ол да жеңіл жарақат алған.
Биіктікте 94 турист, оның ішінде балалар, сондай-ақ бес жұмысшы қалып қойған. Оқиға орнына тау-құтқару қызметі, жедел қызмет өкілдері, карабинерлер мен өрт сөндірушілер келіп, адамдарға көмек көрсетіп, эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Оларды тікұшақ арқылы эвакуациялаған, барлық адам аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілді.
"Қазір біз жағдайды бағалап жатырмыз. Алдын ала ақпарат бойынша, вагон станцияға кірер кезде тиісті деңгейде тежелмей, станциядағы тосқауылға соғылған. Ешкім ауыр жарақат алған жоқ, адамдардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. 59 жастағы ер адамның қолы жараланған. Қалғандары жеңіл-желпі жарақат алған", – деп түсіндірді аспалы жолды басқаратын Macugnaga Trasporti e Servizi компаниясының әкімшісі Филиппо Безоцци.
Айта кетейік, Макуньяга аспалы жолы 1962 жылы салынған, ал 2023 жылы өңір мен муниципалитеттің қолдауымен екі миллион еуроға күрделі жөндеуден өтіп, қозғалтқыштары мен кабиналары толық жаңартылған.