Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони Украинаға НАТО мүшесі болмай-ақ одақтың бесінші бабын қолдануды ұсынды. Бұл туралы Financial Times жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты УНИАН-ға сілтеме жасап.
Мелонидің сөзінше, бұл атысты тоқтату режимін сақтау үшін әскерді орналастырудың орнына "тұрақты, ұзақ әрі тиімді қауіпсіздіктің кепілі" бола алады.
"Украинаға НАТО елдерінің қорғаныс деңгейін ұсыну әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл оның НАТО мүшелігінде болуынан ерекшеленеді. Меніңше, бұл тұрақты, ұзақ мерзімді, тиімді қауіпсіздіктің кепілдігі болар еді", - деді Италия премьер-министрі.
Италияның премьер-министрі Украинада атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілген жағдайда онда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін итальяндық әскердің орналасуын жоққа шығарды. Айтуынша, еуропалық, оның ішінде француз немесе британдық әскерлерді орналастыру өте күрделі шешім болып отыр.
НАТО-ның бесінші бабында альянсқа мүше елдердің біріне қарулы шабуыл жасалса, бұл барлық мүше елдерге жасалған шабуылмен пара-пар делінген. Бұл уақытта ұйым шабуылға ұшыраған одақтасына көмектесу үшін қажет деп тапқан шараларды қабылдайды.
2022 жылғы 30 қыркүйекте Украина ресми түрде НАТО-ға кіруге өтініш берді. Өткен жылдың шілде айында альянстың Вашингтондағы саммитінде одақтастар "Украинаның болашағы – НАТО-да" деп мәлімдеді.
Еуропа көшбасшыларының дені Украинаның НАТО мүшесі болғанын қолдайды. Десек те, бұл ұсынысты құп көрмейтіндер де бар. Украина президенті Владимир Зеленскийдің Венгрия, Словакия, Германия және АҚШ бұл шешімге қарсы екенін айтты. Жалпы айтқанда, әскери альянста АҚШ шешуші рөлге ие.