Итбалықтар мұзжарғыштан зардап шегуде

1249

Эколог-ғалым заң бұзған кемені жауапқа тартуды сұрайды.

Итбалықтар мұзжарғыштан зардап шегуде

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде "Тұлпар" мұзжарғыш кемесі итбалықтардың төлдейтін аймағын жарып өткен. Бұл оқиға бейнежазбаға түсіп қалған. Қазіргі күні ҚР гидробиология және экология институтының Батыс Қазақстан секторының меңгерушісі Тимур Баймұқанов мұндай әрекеттің заң бұзушылық екенін және жаңа туған жануарлар төлі үшін қауіпті екендігін айтып, дабыл қағуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, қаңтар айынан наурызға дейін итбалықтар күшіктеу үшін теңіздің солтүстік жағына қоныс аударатын көрінеді. Алайда, мұзжарғыштар олар ұрпақ өрбітетін мұз қабатын бұзып қана қоймай, жас төлдердің өліп қалуына да әсер етуде. Себебі, жаңа туған итбалықтар жүзе алмайды, терісінде түгі жоқ болғандықтан суықтан да қорғана алмайтындай әлсіз. Өкінішке қарай, кемелердің аналық итбалықты төлінен ажыратып жіберетін, тіпті, олармен тікелей соқтығысып қалатын кездері де болып тұрады екен.  

"Видеода тек жас күшіктер ғана көрінеді. Жандарында енелері жоқ. Демек, мұзжарғыш оларды үркітіп жіберген болуы мүмкін", - деп топшылайды Тимур Баймұқанов.

Ол "Тұлпар" мұзжарғыш кемесінің экипажы ҚР Экологиялық кодексінің 257-бабының 5-тармағы, яғни "пайдаланудың шектеулі режимін" бұзғаны үшін жауап беруге тиіс деген пікірде. Заң бойынша, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау үшін қазан-мамыр айларында мұнай операцияларын олардың шоғырланған орнынан кемі 1852 қашықтықта жүргізу керек.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу