"Иттер есірткіні табады, полиция оны айналымға қайтадан сатады": Депутат мәселе көтерді

372

Есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органы қызметкерлері маңызды рөл атқарады. 

"Иттер есірткіні табады, полиция оны айналымға қайтадан сатады": Депутат мәселе көтерді Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса есірткі қылмысына қарсы күресте істі болып жатқан полиция қызметкерлерін сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ел ішіндегі обадай қауіпті, естіні есінен айыратын есірткімен күрес – мемлекеттің де, қоғамның да міндеті. Есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органы қызметкерлерінің үлесі көп. Оны қазір сіздің (ред. – Ішкі істер министрі) жасаған баяндамаңыздан да байқадық. Бірақ осы құқық қорғау қызметкерлерінің өздерінің есірткі сатып, өткізіп, ұсталып жатқаны туралы деректер ақылға сыйымсыз. Мысалы, биылдың өзінде еліміздің 8 өңірінде 11 полиция қызметкері, арасында басшылары да бар, есірткіні сатып, өткізіп жатқанда ұсталған. Бұл полиция қызметкерлері тәркіленген есірткіні қайтадан айналымға сатып жатыр деп айыпталуда. Бұл не масқара? Қазақ "ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді" дейді. Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, ерекше тәртіппен жойылуы тиіс емес пе? Сонда біз қасқырға қой бақтырғандай, есірткімен күресуді кімдерге сеніп тапсырғанбыз?", - деді халық қалаулысы.

Депутаттың дерегі бойынша, биыл күзетші иттер 260 есірткі қылмысын ашып, 6 тоннадай есірткі тәркілеген.

"Иттер есірткіні табады, полиция оны айналымға қайтадан сатады. Тәркіленген есірткіні жоюды бұдан да қатаң күшейту керек, полицияның өзіне бақылау қажет деп білеміз. Мемлекет, қоғам болып аса қауіпті дертпен күресіп жатқанда бұл да полицияның мұндай қылмыс жайлы не дейсіз? Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қылмысы жайлы ресми статистика бар ма? Онымен күресуде не істеп жатсыздар? Бұдан кейін өзі қылмыс жасайтын полицияға ел қалай сенеді, министр мырза? Есірткі сатқан полицияға есті адам сене ме?", - деді Қазыбек Иса.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың айтуынша, 11 қызметкер қылмыстық сипаты бар нашақорлыққа қатысты қылмыстар істеген.

"Есірткіні екінші рет айналымға енгізу туралы айттыңыз. Бұл олай емес. 2019 жылы бізде заңнама қабылданып, бүгінде тиісті қылмыс анықталған кезде 1 грамм есірткіні экспертизаға аламыз, ол жеткілікті. Бүгінгі күнде "екінші рет айналымға енгізу" деген сөз жоқ. Мынаның бәрін (ред. - есірткі қылмысына қарсы күресте істі болған тәртіп сақшылары) қалай қызметкерлер дейміз, олардың бәрі сатқын. Олар – ішкі істер саласының мыңдаған адамының жұмысына, беделіне кір келтіргендер. Сол себепті оларды қылмыскерлер деп санаймын. Тікелей бастықтары, командирлері қарамаған", - деп толықтырды ол.

Министр Ішкі істер министрлігіне үлкен армия қажет екенін түсіндірді. Сондай-ақ, Ержан Саденов мұндай қылмыстарды жоюға және онымен күресуге тырысатындарын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу